A- A A+
«Ақмола облысының архивтер мен құжаттамалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі
«Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы N 326-I Заңы

Ұлттық архив қоры және архивтер туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы N 326-I Заңы.

МАЗМҰНЫ

Ескерту. Заңның тақырыбына өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 28.10.2015 № 368-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

Ескерту. Бүкiл мәтiн бойынша:

"облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың)", "облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың)", "облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық)" деген сөздер тиiсiнше "облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың", "облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың", "облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың" деген сөздермен ауыстырылды;

"мұрағат", "мұрағаттарды", "мұрағаттардың", "мұрағаттар", "мұрағаты", "Мұрағат", "мұрағаттарының", "мұрағаттары", "мұрағаттың", "мұрағаттарындағы", "мұрағаттардағы", "мұрағатқа", "Мұрағатының", "мұрағаттарда", "мұрағаттарға", "мұрағаттық", "мұрағаттарынан", "мұрағаттарында" және "мұрағатты" деген сөздер тиiсiнше "архив", "архивтердi", "архивтердiң", "архивтер", "архивi", "Архив", "архивтерiнiң", "архивтерi", "архивтiң", "архивтерiндегi", "архивтердегi", "архивке", "Архивiнiң", "архивтерде", "архивтерге", "архивтiк", "архивтерiнен", "архивтерiнде" және "архивтi" деген сөздермен ауыстырылды — ҚР 28.10.2015 № 368-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

Осы Заң Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының құжаттарын қалыптастыру, сақтау мен пайдалану және Қазақстан Республикасындағы архив iсiн мемлекеттiк басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) архив iсi — мемлекеттiк ұйымдар мен заңды және жеке тұлғалар қызметiнiң Ұлттық архив қорын қалыптастыру, архивтердi, архив қорлары мен коллекцияларын құру, олардың сақталуы мен пайдаланылуын ұйымдастыруға байланысты саласы;

2) архивтiк құжат — қоғам үшiн маңыздылығына қарай, сондай-ақ меншiк иесiне құнды, сақталынатын немесе сақталуға жататын құжат;

3) архив — архив құжаттарының жиынтығы, сондай-ақ архив мекемесi немесе мекеменiң, ұйымның немесе кәсiпорынның пайдаланушылар мүдделерi үшiн архив құжаттарын қабылдау мен сақтауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi;

4) архив қорлары — бiр-бiрiмен тарихи немесе қисынды байланысты құжаттардың жиынтығы;

5) архив коллекциясы — қор құрушылар қызметiнде құрылған және бiр немесе бiрнеше белгiлерi бойынша бiрiктiрiлген құжаттардың жиынтығы;

6) ведомстволық архив — Ұлттық архив қорының құжаттарын, сондай-ақ оның құрамына кiрмеген құжаттарды жинақтауды, уақытша сақтау мен пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк заңды тұлғаның мекемесi немесе құрылымдық бөлiмшесi;

7) мемлекеттiк архив — Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтауға (сатып алуға), тұрақты сақтауға және пайдалануды ұйымдастыруға құқық берiлген мемлекеттiк мекеме;

8) Құжаттар көшiрмелерiнiң мемлекеттiк сақтандыру қоры — Ұлттық архив қорының мемлекет үшiн бiрден-бiр маңызы бар және жойылған жағдайда орны толмайтын құжаттарының сақтандыру көшiрмелерiнiң жиынтығы;

9) құжат — материал көзiнде дәлме-дәл жазып алынған, бiр iзге түсiруге мүмкiндiк беретiн ақпарат;

10) алып тасталды

11) Ұлттық архив қоры — заңда белгiленген тәртiппен ұлттық құндылық деп танылған барлық архивтердiң, архив қорлары мен коллекцияларының, деректi ескерткiштердiң, тарихи, ғылыми, әлеуметтiк, экономикалық, саяси немесе мәдени айрықша маңызы бар құжаттардың жиынтығы;

12) ресми құжат — жеке немесе заңды тұлға жасаған, белгiленген тәртiппен ресiмделiп, куәландырылған құжат;

13) уәкiлеттi орган — архивтер мен құжаттаманы басқарудың орталық атқарушы органы;

14) жеке архив — Ұлттық архив қорының құжаттарын, сондай-ақ оның құрамына кiрмеген құжаттарды жинақтауды, сақтауды, пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк емес заңды тұлғаның мекемесi немесе құрылымдық бөлiмшесi немесе жеке адамның қызметi, құжаттарды жинақтауы (сатып алуы) нәтижесiнде пайда болған архивi;

15) арнайы мемлекеттiк архив — архив мекемесi немесе осы Заңның 22-бабының 1-тармағында көрсетiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органының бөлiмшесi;

16) адам құрамы жөнiндегi құжаттар — қызметкерлердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттар кешенi және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаның аударылуы туралы мәлiметтер;

17) архив құжаттарын пайдаланушы — пайдалану мақсатында ақпарат алу үшiн архив құжаттарына жүгiнетiн жеке немесе заңды тұлға.

18) архивтiк құжаттарды электрондық нысанға аудару — архивтiк құжаттардың электрондық көшiрмелерiн жасау және уәкiлеттi органмен келiсу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган айқындаған ақпараттық жүйелерге мәлiметтердi көшiру;

19) "электрондық үкiметтiң" сервистiк интеграторы — "электрондық үкiметтiң" құрылымын және "электрондық әкiмдiктiң" үлгiлiк құрылымын дамытуды әдiснамалық қамтамасыз ету жөнiндегi функциялар, сондай-ақ "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын заңды тұлға;

Ескерту. 1-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2001.11.10 № 256, 2004.12.20 № 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры және архив iсi

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры (бұдан әрi — Ұлттық архив қоры) Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлiгi болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игiлiгi ретiнде мемлекет қорғайды.

2. Ұлттық архив қорына Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде сақтаулы және халықаралық келiсiмдерге сәйкес Қазақстанға қайтарылуға тиiстi архив құжаттары да жатады.

3. Ұлттық архив қоры қоғам мен мемлекеттiң қажеттерiн қанағаттандыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруға қызмет етедi.

4. Архивтер iсiн дамыту мен жетiлдiруге қамқорлық жасауды мемлекет өз мойнына алады. Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтау барлық жеке және заңды тұлғалардың мiндетi болып табылады.

3-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры және архивтер туралы заңдары

Қазақстан Республикасының ұлттық архив қоры және архивтер туралы Заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2-тарау. Ұлттық архив қоры

4-бап. Ұлттық архив қорының құрамы

1. Ұлттық архив қорының құрамына:

1) заң актiлерi және басқа да ресми құжаттар;

2) басқару, ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық, технологиялық, патенттiк-лицензиялық, картографиялық, геодезиялық, геологиялық, телеметриялық және басқа да арнаулы құжаттама;

3) электрондық ақпараттық ресурстар, машинамен оқуға бағдарланған және дыбыстық-бейне құжаттама;

4) тарих пен мәдениеттi деректi ескерткiштерi;

5) жеке адам тегiнiң құжаттары және ұлттық құндылық болып табылатын өзге де құжаттама;

6) Қазақстан Республикасының меншiгiне түскен өзге де құжаттар;

7) құжаттардың сақтандыру көшiрмелерi кiредi.

2. Құжаттарды Ұлттық архив қорының құрамына жатқызу тәртiбi, олардың есебiн жүргiзiп, сақталуын ұйымдастыру осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Ұлттық архив қоры, Құжаттар көшiрмелерiнiң мемлекеттiк сақтандыру қоры туралы ережелермен белгiленедi.

Ескерту. 4-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

5-бап. Ұлттық архив қорын қалыптастыру негiздерi, толықтыру көздерi

1. Қазақстан Республикасы Ұлттық архивiнiң, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттiк архивтерiнiң, Қазақстан Республикасы Президентi Архивiнiң, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасы мемлекеттiк архивтерiнiң, облыстар, қалалар, аудандар мемлекеттiк архивтерiнiң және олардың филиалдарының, арнаулы мемлекеттiк архивтердiң, кiтапханалардың, музейлердiң құжаттары Ұлттық архив қорын қалыптастырудың негiзi болып табылады.

2. Ұлттық архив қорын толықтырудың көздерi:

1) Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Парламент пен жергiлiктi өкiлдi органдардың, Конституциялық Кеңестiң, Үкiметтiң, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, соттардың, прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттiк заңды тұлғаларының, оның iшiнде шет елдегiлердiң де ведомстволық архивтерi;

2) жеке архивтер болып табылады.

3. Ұлттық архив қоры Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының меншiгiндегi архив құжаттарын сыйға тарту, өсиет етiп қалдыру, сатып алу жолымен де толықтырылуы мүмкiн.

4. Мемлекет Қазақстан аумағынан тыс жерлерде табылған Қазақстан Республикасының тарихи мұра құжаттарын қайтаруға шаралар қолданады, жинақталған және Қазақстан Республикасымен тарихи байланысты құжаттарды iздестiру мен Отанына қайтаруды көтермелеп, қаржыландырып отырады.

Ескерту. 5-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

6-бап. Құжаттарды, архивтердi, архив қорлары мен коллекцияларын Ұлттық архив қорының құрамына жатқызу, оны қалыптастыру мен толықтыру көздерiн белгiлеу тәртiбi

Ескерту. Тақырыбына өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

1. Құжаттарды, архивтердi, архив қорлары мен коллекцияларын Ұлттық архив қорының құрамына жатқызу, оны қалыптастыру мен толықтыру көздерiн белгiлеу, сондай-ақ оларды Ұлттық архив қоры құрамынан шығарып тастау құжаттардың құндылығына мемлекеттiк сараптама жасау негiзiнде жүргiзiледi. Құжаттардың жасалған жерi, мазмұны, сыртқы ерекшелiктерi олардың құндылығының өлшемдерi болып табылады.

2. Құжаттардың құндылығына мемлекеттiк сараптаманы уәкiлеттi орган құратын Орталық сараптау-тексеру комиссиясы және (немесе) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары құратын сараптау-тексеру комиссиялары жүргiзедi.

3. Уәкiлеттi орган сараптау-тексеру комиссиясының қорытындысы негiзiнде:

1) Ұлттық архив қорын қалыптастыру мен толықтыру көздерiнiң тиiстi атқарушы органдармен келiсiлген тiзiмдерiн бекiтедi;

2) құжаттарды, архивтердi, архив қорлары мен коллекцияларын Ұлттық архив қоры құрамына жатқызу туралы, сондай-ақ оларды оның құрамынан шығарып тастау туралы шешiмдер қабылдайды. Саяси және идеологиялық пiкiрлер бойынша Ұлттық архив қоры құрамынан шығарып тастауға тыйым салынады;

3) тарихи және өзге де құндылығы жоқ және практикалық маңызын жойған құжаттарды сақтау мерзiмi мен жою тәртiбiн белгiлейдi.

4. Ұлттық архив қорын қалыптастыру және толықтыру көздерi болып табылатын:

1) республикалық меншiктегi ұйымдардың құжаттарын уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз;

2) коммуналдық меншiктегi ұйымдардың құжаттарын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органының келiсiмiнсiз;

3) жеке меншiктегi ұйымдардың құжаттарын архивтiң орналасқан жерiне қарай уәкiлеттi органның не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органының келiсiмiнсiз жоюға рұқсат етiлмейдi.

Ескерту. 6-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

7-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын меншiктену құқықтарына кепiлдiк беру мен оларды қорғау

1. Ұлттық архив қорының құжаттары мемлекеттiк және жеке меншiкте болады.

2. Мемлекеттiк меншiктегi құжаттарға:

1) Қазақстан Республикасының Ұлттық архивiнде, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк архивтерiнде және олардың филиалдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Архивiнде сақтаулы тұрған, оның iшiнде 1917 жылға дейiн жасалған, арнаулы мемлекеттiк архивтердегi, мемлекеттiк кiтапханалардағы және музейлердегi республикалық меншiктегi, Құжаттар көшiрмелерiнiң мемлекеттiк сақтандыру қорындағы құжаттар;

1-1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламентiнiң, Үкiметiнiң, орталық атқарушы органдарының, Жоғарғы Сотының, Бас прокуратурасының, Ұлттық Банкiнiң және басқа да мемлекеттiк республикалық заңды тұлғалардың қызметi нәтижесiнде жасалған және жасалып жатқан құжаттар;

2) коммуналдық меншiктегi, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, қалалық, аудандық мемлекеттiк архивтер мен олардың филиалдарында сақтаулы, жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, соттардың, прокуратураның, коммуналдық кәсiпорындар мен басқа да мемлекеттiк заңды тұлғалардың қызметi нәтижесiнде жасалған және жасалып жатқан құжаттар жатады.

3. Жеке, мемлекеттiк емес заңды тұлғалар мен олардың бiрлестiктерiнiң қызметi немесе жинауы (сатып алуы) нәтижесiнде жасалған құжаттары жеке меншiкке жатады.

4. Уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шекте Ұлттық архив қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттарын иелену және пайдалану құқықтары берiледi.

5. Архив құжаты меншiк иесiнiң келiсiмiнсiз сот шешiмi негiзiнде ғана алып қойылуы мүмкiн. Архив құжаттарының түпнұсқалары сот-тергеу iстерi үшiн алып қойылған жағдайда құжат иесiне олардың дубликаттары немесе көшiрмелерi қалдырылады. Сот (тергеу) процесi бiткеннен кейiн құжаттардың түпнұсқалары меншiк иелерiне қайтарылады.

6. Ұлттық архив қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттары мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру, сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту, яғни меншiк құқығын беруге байланысты мәмiлелер жасау объектiсi бола алмайды, сондай-ақ оларды тұрақты сақтау үшiн басқа мемлекеттерге әкетуге болмайды.

7. Ұлттық архив қорының жеке меншiктегi құжаттары, меншiк иесiнiң уәкiлеттi органмен алдын ала жазбаша келiсiмiмен кейiн ғана және аталған құжаттардың дубликаттарын немесе көшiрмелерiн мемлекеттiк архивке тұрақты сақтауға тапсырған жағдайда сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту объектiсi бола алады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тыс жерлерге әкетуге болады.

8. Жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың құжаттарын меншiктену құқығын мемлекетке беру тараптардың келiсiмi бойынша жасалады. Жеке адамдар құжаттарын пайдалануға шектеу мерзiмiн архивке берiлген кезден бастап 70 жылдан аспайтын уақытқа белгiлей алады.

Ескерту. 7-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

8-бап. Заңды тұлғалар қайта құрылған не таратылған жағдайда архив құжаттарына меншiк құқығы

1. Мемлекеттiк ұйымдар жекешелендiрiлгенде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жекешелендiрiлгенге дейiн жасалған Ұлттық архив қорының құжаттары мемлекеттiк меншiк мәртебесiн сақтап қалады.

2. Мемлекеттiк заңды тұлғалардың шетел компаниясының немесе жеке адамның басқаруына берiлген архивтерi мемлекеттiк меншiк мәртебесiн сақтап қалады және мемлекетке қайтарылуға тиiс.

3. Заңды тұлғалар қайта ұйымдастырылған кезде Ұлттық архив қорының құжаттары мен адам құрамы жөнiндегi құжаттар өңделген күйде құқық мұрагерлерiне берiледi.

4. Заңды тұлғалар таратылған кезде Ұлттық архив қоры құжаттарының және жеке құрам жөнiндегi құжаттардың одан әрi сақталатын орны туралы шешiмдi уәкiлеттi органмен келiсу бойынша тарату комиссиясы немесе банкроттықты басқарушы қабылдайды.

Ескерту. 8-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2001.11.10 N 256; 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

3-тарау. Ұлттық архив қоры құжаттарының мемлекеттiк есебiн жүргiзу, оларды сақтау, сақталуын қамтамасыз ету, тұрақты сақтауға беру

9-бап. Ұлттық архив қоры құжаттарының мемлекеттiк есебiн жүргiзу

1. Ұлттық архив қорының құжаттары, олардың меншiк нысандарына қарамастан, орталықтандырылған мемлекеттiк есепке алынуға тиiс.

2. Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар құжаттардың құрамы туралы деректер есебiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүргiзедi және осы деректердi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органына ұсынады.

Ескерту. 9-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

10-бап. Ұлттық архив қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны және оны толықтыру көздерi туралы деректер жиыны (каталогы)

1. Уәкiлеттi орган Ұлттық архив қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны және оны толықтыру көздерi туралы деректер жиынын (каталогын) жүргiзiп отырады.

2. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың сауалдарын қанағаттандыру үшiн Ұлттық архив қоры Құжаттарының құрамы мен мазмұны туралы деректер жиынының (Каталогының) ақпаратына қол жеткiзiлуiн және пайдаланылуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұған осы Заңның 16-бабында көзделген жағдайлар қосылмайды.

11-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтау

1. Ұлттық архив қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттары ведомстволық архивтерде уақытша сақталу сатысынан өтедi, содан соң Ұлттық архив қорының құжаттарын тұрақты сақтауға ерекше құқық берiлетiн Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттiк архивтерi мен олардың филиалдарына берiледi.

2. Ұлттық архив қорының құжаттарын тұрақты сақтауды жүзеге асыратын мемлекеттiк архивтер мен олардың филиалдары желiсiн Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың атқарушы органдар бекiтедi.

3. Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтау, сақтау мен пайдалану үшiн жеке және заңды тұлғалар ведомстволық және жеке архивтер құрады.

4. Ұлттық архив қорының жеке меншiктегi құжаттарын сақтау және пайдалану жөнiндегi мiндеттемелер олардың меншiк иелерi уәкiлеттi органмен және (немесе) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарымен жасасқан шарттарда көрсетiледi.

5. Мемлекет меншiгi болып табылатын Ұлттық архив қоры құжаттарының ресми түпнұсқаларымен жеке архивтердi толықтыруға тыйым салынады.

6. Алынып тасталды — ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

Ескерту. 11-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

12-бап. Ұлттық архив қоры құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету

1. Ұлттық архив қоры құжаттарының меншiк иелерi олардың сақталуын қамтамасыз етуге және құжаттардың сақтандыру көшiрмелерiн жасауға мiндеттi.

2. Ұлттық архив қорының құжаттары (мемлекеттiк меншiктегi), сондай-ақ мемлекеттiк архивтер мен олардың филиалдарының үйлерi, үй-жайлары мен жабдықтары иелiктен шығаруға жатпайды.

3. Архив қорлары, архив коллекциялары, олардың бөлiктерi заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының объектiлерiне жатқызылуы және тарих пен мәдениет ескерткiштерiнiң тiзiмiне енгiзiлуi мүмкiн.

Ескерту. 12-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2001.11.10 N 256, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

13-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын тұрақты сақтауға беру

1. Ұлттық архив қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттары ведомстволық архивтерде сақтау мерзiмi өткен соң мемлекеттiк архивтерге тұрақты сақтауға берiлуге тиiс.

1-1. Ұлттық архив қорының құжаттарын өңдеу мен беру құжаттарды архивтерге беретiн заңды тұлғалардың күшi мен қаражаты есебiнен, уәкiлеттi орган бекiткен ережелерге сәйкес жүргiзiледi.

2. алып тасталды

3. Ұлттық архив қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттарын тұрақты сақтауға басқа мемлекеттерге берудi ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша уәкiлеттi орган жүргiзедi.

Ескерту. 13-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

4-тарау. Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдалану

14-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдалану тәртiбi

1. Алынып тасталды — ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

2. Ұлттық архив қорының ведомстволық және жеке архивтерде сақталатын құжаттарын пайдалану тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

Ескерту. 14-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

15-бап. Ұлттық архив қоры құжаттарын пайдаланудағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiне кепiлдiктер

1. Мемлекеттiк меншiк болып табылатын архив құжаттарындағы ақпараттар мемлекеттiк интеллектуалдық меншiгi ретiнде Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк архивтерi мен олардың филиалдарындағы құжаттар, сондай-ақ оларға арналған ақпарат жүйесi олар мемлекеттiк архивтер мен филиалдарға келiп түскен соң бiр жыл өткеннен кейiн жұртшылықтың пайдалануы үшiн ашылады.

3. Ұлттық архив қорының жеке меншiктегi құжаттарын пайдалану меншiк иесiнiң келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады.

4. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының мемлекеттiк және ведомстволық архивтер мен олардың филиалдарында сақталатын, Ұлттық архив қорының пайдалану үшiн ашық құжаттарын тегiн пайдалануға құқығы бар. Жеке және заңды тұлғалардың жекелеген санаттарына құжаттарды пайдалануды шектеу осы Заңның 16-бабында белгiленедi.

5. Мемлекеттiк, ведомстволық және жеке архивтер жеке және заңды тұлғаларға өздерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн құжаттар негiзiнде тиiстi архивтiк анықтамалар берiп отыруға мiндеттi. Заңды және жеке тұлғалардың архивтiк құжаттан куәландырылған архивтiк көшiрмелер мен үзiндiлер алуға құқығы бар. Мемлекеттiк архивтер мен олардың филиалдары, ведомстволық және жеке меншiк архивтер берген көшiрмелер мен үзiндiлер түпнұсқалық заңды күшi бар ресми құжаттар болып табылады.

Ескерту. 15-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2001.11.10 N 256; 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

15-1-бап. Архивтiк құжаттарды электрондық нысанға аудару

1. Мемлекеттiк органдар мемлекеттiк қызметтердi көрсету үшiн қажеттi архивтiк құжаттарды электрондық нысанға аударуды тұрақты негiзде қамтамасыз етуге мiндеттi.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген архивтiк құжаттарды электрондық нысанға аударуды "электрондық үкiметтiң" сервистiк интеграторы жүзеге асырады.

3. Электрондық нысанға аударылған архивтiк құжаттарға қол жеткiзу мемлекеттiк, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияларды қорғау жөнiндегi талаптар сақтала отырып, барлық мүдделi мемлекеттiк органдар үшiн ашық болып табылады.

4. Мемлекеттiк архивтiң немесе ведомстволық архивтiң уәкiлеттi қызметкерiнiң электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған архивтiк құжаттың электрондық көшiрмесi архивтiк құжаттың бастапқы түпнұсқасына тең болып табылады.

Ескерту. 4-тарау 15-1-баппен толықтырылды — ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi).

16-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдаланудағы шектеулер

1. Ұлттық архив қорының мемлекеттiк және мемлекеттiк емес құпиялары бар құжаттарын пайдаланудағы шектеулер, оларды құпиясыздандыру және жалпы пайдалануға беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

2. Құжаттарды кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдардың пайдалануына тыйым салынады.

3. Пайдалануға шектеу қоюға құқығы бар меншiк иелерiнiң архив құжаттарын олардың өздерi немесе құқық мұрагерлерi (мұрагерлерi) келiсiм бергенде ғана пайдалануға болады.

16-1-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдаланушылардың мiндеттерi

Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдаланушылар:

1) пайдаланылатын құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;

2) пайдаланылған құжаттар мәтiнiнiң өңiн айналдыруға және оны бұрмалауға жол бермеуге;

3) құжаттарды жариялаған кезде олардың сақталу орнын және оның иесiн көрсетуге мiндеттi.

Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды — ҚР 2001.11.10 N 256 Заңымен.

17-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын коммерциялық мақсатта пайдалану

1. Бюджет қаражаты есебiнен қамтылатын мемлекеттiк және ведомстволық мұрағаттар өздерiнiң негiзгi қызметiне жатпайтын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуге құқылы, оларға төленетiн ақы мiндеттi сипатта болмайды, жеке және заңды тұлғалармен келiсiм бойынша айқындалады.

2. Құжаттарды коммерциялық жолмен пайдалану кезiнде оларға меншiк құқығы олардың меншiк иесiнде сақталады.

Ескерту. 17-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.05 N 165 (01.01.2008 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.05.08 N 247 Заңдарымен.

5-тарау. Архив iсiн мемлекеттiк реттеу мен басқару

18-бап. Архив iсiн мемлекеттiк реттеу

1. Алып тасталды — ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

2. Уәкiлеттi орган жүзеге асыратын архив iсiн мемлекеттiк реттеу мәселелерiне:

1) архив iсi мен құжат жасауда бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру;

2) Ұлттық архив қорының құжаттарын басып шығару қағидаларын бекiту;

2-1) Ұлттық архив қорының құжаттарын, басқа да архив құжаттарын мемлекеттiк және арнаулы мемлекеттiк архивтердiң толықтыруы, сақтауы, есепке алуы және пайдалануы қағидаларын бекiту;

2-2) мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгiлiк қағидаларын бекiту;

2-3) мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың қызметiнде жасалатын үлгiлiк құжаттар тiзбесiн, олардың сақталу мерзiмдерiн көрсете отырып, бекiту;

2-4) Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архив құжаттарын ведомстволық және жеке меншiк архивтердiң қабылдауы, сақтауы, есепке алуы және пайдалануы қағидаларын бекiту;

3) Орталық сараптау-тексеру комиссиясы және орталық мемлекеттiк және арнаулы мемлекеттiк архивтердiң сараптау-тексеру комиссиялары туралы ережелердi бекiту;

4) алып тасталды — ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

5) алып тасталды — ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк архивтерiнен шығатын архив анықтамаларына және архив құжаттарының көшiрмелерiне апостиль қою;

7) Ұлттық архив қорының құжаттары бойынша ақпараттық желi және деректер қорын құру;

8) алынып тасталды — ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

9) автоматтандырылған архивтiк технологиялар әзiрлеу мен енгiзудi ұйымдастыру;

10) Ұлттық архив қорының құжаттарын мемлекеттiң, қоғамның және азаматтардың сұрау салулары мен қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн басып шығаруды және пайдалануды ұйымдастыру;

11) Ұлттық архив қорын және Құжаттар көшiрмелерiнiң мемлекеттiк сақтандыру қорын қалыптастыру мен олардың жұмыс iстеуi, Ұлттық архив қорының құжаттарын орталықтандырылған мемлекеттiк есепке алуды қамтамасыз ету;

12) республикалық меншiктегi тарихи және мәдени құжаттық ескерткiштердi қорғау, оларды сақтау және пайдалану;

13) Қазақстан Республикасының тарихы жөнiндегi шет елдердегi архив құжаттарын жинау мен оларды елге қайтару;

14) алынып тасталды — ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

15) архив iсiн басқару және жүргiзу органдарының қызметiне әдiстемелiк басшылық жасау және оны үйлестiру;

16) iс жүргiзу мәселелерiне салааралық ұйымдастырушылық-әдiстемелiк басшылық жасау және iс жүргiзудiң жай-күйi мен құжаттардың сақталуын бақылау;

17) Ұлттық архив қоры құрамына жатқызылған және жеке архивтерде сақталатын құжаттардың сақталуын мемлекеттiк бақылау;

18) архив iсi жөнiндегi халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының өкiлдiгiн қамтамасыз ету;

19) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарында және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларында көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.

3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асыратын қатынастарды мемлекеттiк реттеу және архив iсiн басқару мәселелерiне:

1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында архив iсiнде және құжат жасауда бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру;

2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттiк архивтерiнiң сақтауына қабылданған Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтауды, толықтыруды және пайдалануды ұйымдастыру;

3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттiк архивтерiнде сақталатын Ұлттық архив қоры құжаттарын мемлекеттiк есепке алуды жүргiзу және олардың сақталуын қамтамасыз ету;

4) коммуналдық меншiктегi тарихи және мәдени құжаттық ескерткiштердi қорғау, оларды сақтау мен пайдалану;

5) алып тасталды — ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

6) құжаттардың ғылыми және практикалық құндылығына сараптама жүргiзудi ұйымдастыру;

7) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттiк архивтерiнде сақталатын Ұлттық архив қорының құжаттары бойынша деректер қорын қалыптастыру;

8) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында орналасқан, Ұлттық архив қорын толықтыру көздерi болып табылатын ұйымдарда iс жүргiзудiң жай-күйiне, құжаттардың сақталуына ұйымдастырушылық-әдiстемелiк басшылық жасау және бақылау жасау;

9) жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын орындауды ұйымдастыру;

10) сараптау-тексеру комиссиясы туралы ереженi бекiту;

11) Ұлттық архив қорының құжаттарын мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын қанағаттандыру үшiн пайдалану;

12) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тарихы бойынша архив құжаттарын жинау және қайтару;

13) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.

Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда — ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен, өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

18-1-бап. Ұлттық архив қорының құрамына жатқызылған және жеке меншiк архивтерде сақталатын құжаттардың сақталуын мемлекеттiк бақылау

1. Ұлттық архив қорының құрамына жатқызылған және жеке меншiк архивтерде сақталатын құжаттардың сақталуын мемлекеттiк бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.

2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсiпкерлiк кодексiне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттiк бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

Ескерту. 18-1-бап жаңа редакцияда — ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

19-бап. Архив iсiн мемлекеттiк басқару

1. Архив iсiн мемлекеттiк басқаруды уәкiлеттi орган мен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.

2. Уәкiлеттi органның нұсқаулары жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.

3. алып тасталды

Ескерту. 19-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

20-бап. Қазақстан Республикасындағы архив iсiн басқару мен жүргiзу органдарының жүйесi

Архив iсiн басқару мен жүргiзу органдарының жүйесiне:

1) уәкiлеттi орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары);

2) архив мекемелерi: Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк архивтерi, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасының орталық мемлекеттiк архивтерi, облыстардың, қалалардың, аудандардың мемлекеттiк архивтерi мен олардың филиалдары кiредi.

21-бап. Архив iсiн басқару мен жүргiзу органдарын қаржыландыру және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету

Қазақстан Республикасы уәкiлеттi органын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары, олардың жүйесiндегi архив мекемелерiн қаржыландыру және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

Ескерту. 21-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

22-бап. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттiк архивтерi

1. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiнде, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнде, сыртқы барлау саласындағы уәкiлеттi органда, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiнде, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк күзет қызметiнде, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл ұлттық бюросында, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк кiрiстер комитетiнде арнаулы мемлекеттiк архивтер құрылуы мүмкiн.

2. Арнайы мемлекеттiк архивтер құру Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiсiмен жүзеге асырылады.

3. Қазақстан Республикасының осы Заңда белгiленген тәртiппен арнаулы мемлекеттiк архивтер құрылған мемлекеттiк органдарына өздерiнiң қызметiне қатысты архив құжаттарын жинақтау (сатып алу), тұрақты сақтау және пайдалану құқығы берiледi.

4. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттiк архивтерi қызметiнiң тәртiбi нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.

Ескерту. 22-бапқа өзгерicтер енгiзiлдi — ҚР 2003.05.08 N 413, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.05.27 № 279-IV, 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

6-тарау. Халықаралық ынтымақтастық

23-бап. Халықаралық байланыстар мен қарым-қатынастар

1. Ұлттық архив қоры құжаттарының меншiк иелерi — жеке және заңды тұлғалар халықаралық байланыстар мен тiкелей қарым-қатынастар орнатып, жасап отыруға құқылы.

2. Қазақстан Республикасының мүдделерiне нұқсан келтiрмесе, мемлекет архив құжаттарын бiрлесiп пайдалану жөнiнде Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердiң архив мекемелерi арасындағы қарым-қатынастардың кеңейтiлуiне жәрдемдеседi.

24-бап. Халықаралық шарттар

Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының архив iсi жөнiндегi заңдарындағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

25-бап. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың архивтi пайдалану құқығы

1. Архив құжаттарын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары пайдаланатын негiздерде пайдаланады.

2. Өз мұрағаттарына Қазақстан азаматтарына кiруге шектеу көзделген мемлекеттердiң азаматтарына қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында сондай шектеу белгiленуi мүмкiн.

26-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкету

1. Ұлттық архив қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынады.

2. Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органы Ұлттық архив қорының мемлекеттiк меншiктегi құжаттарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге уақытша әкетуге Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тәртiпке сәйкес рұқсат беруге құқылы.

7-тарау. Қорытынды ережелер

27-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры және архивтер туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

1. Архив iсi жөнiндегi заңдарды бұзуға кiнәлi болған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

2. Ұлттық архив қорына келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтелуге тиiс.

Қазақстан Республикасының
Президентi

© 2012. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК


Парақтағы соңғы өзгерістер:: 08.08.2017 11:47
Модернизация 3.0 Модернизация 3.0 Модернизация 3.0 Модернизация 3.0
 
@2017 «Ақмола облысы мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасы» ММ
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

Көкшетау қ., Ә. Баймұқанов к-сі, 23

8 (7162) 31-56-70

arhiv@akmo.kz

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша келесі телефондар бойынша хабарласуға болады: 8 (7162) 31-56-59